Экономика

Шағын және орта бизнес дағдарысты тежейді

«Мемлекеттік сатып алулар туралы Заң отандық өндірісшілерге артықшылық береді, мұның өзі де шағын және орта бизнеске қолдау білдіруге бағытталған».

Президент Жолдауы жолдарынан.

Біздегі алпауыт кәсіпорындар мен компаниялар ішкі мұқтаждарын қалай өтеп отыр? Өндіріске қажетті техниканы, қосалқы бөлшектерді, азық-түлікті, киім-кешекті қайдан алады? Жасыратыны жоқ, бұған дейін сырттан, шетелдерден тасып келді. Ал осыны неге өзіміздің жергілікті  кәсіпорындардан, кәсіпкерлерден сатып алмасқа? Мемлекет басшысы бүгінгі таңда осындай талап қойып отыр. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Николай Владимирович Ювицаның тілшімізбен болған әңгімесінде біздің облысымызда бұл мәселенің қалай шешіліп жатқаны, шағын және орта бизнестің бүгінгі жай-күйі кеңінен сөз болады.

– Президенттің халыққа кезекті Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытуға айрықша маңыз берілген. Облыстың бүгінгі экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі қандай?

– Шағын және орта бизнестің салаларды қалыптастыруда айрықша басымдықтарға ие екенін бүгінгі күні біз нық сеніммен айта аламыз. Ол нарықты экономиканың басты қозғаушы күші болып табылады және бүгінгі күні мемлекеттің алдында тұрған бірқатар әлеуметтік, экономикалық міндеттерді шешуге лайықты үлес қоса алады.

Біріншіден, шағын және орта бизнестің тұрғындарды жұмыспен қамтудағы орны ерекше. Мұны қолда бар мәліметтердің өзі көрсетіп отыр. Соңғы бес жылда экономикада шағын және орта бизнес саласында жұмыс жасаушылардың жалпы саны едәуір өскенін байқауға болады.

Соның нәтижесінде жұмыссыздардың саны азайды. Биылғы жылдың 1 ақпанына жұмыспен қамту орталығында 2 539 адам есепте тұрды немесе бұл өткен жылдың осы кезеңінен 205 адамға аз. Кедейшілік деңгейі 0,5 пайызды құрады. Ал ол өткен жылы 0,7 пайыз болған еді.

Облыста үстіміздегі жылдың 1 ақпанына 41,8 мың шағын және орта кәсіпкерлік тұлғалар тіркелді. Оның ішінде 8 247 бірлік заңды, 33 536 жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары бар немесе бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 23,1 пайыз өскен.

Шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің саны өткен жылға қарағанда 13,1 пайызға көбейіп, 153,2 мың адамды құрады.

Мың тұрғынға шаққанда заңды тұлғалар 11 бизнес-кәсіпорыннан келеді, ал бұл өткен жылы 10 бірлікке тең болған еді.

Шағын және орта бизнес кәсіпорындары 5,7 млрд. теңгенің тауарларын (жұмыстар мен қызмет көрсету) шығарды. Аталған көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 11 пайызға жоғары.

Есепті кезеңдегі шағын және орта кәсіпкерлік тұлғалардан мемлекеттік бюджетке түскен салықтардың, алымдардың және басқа да төлемдердің жалпы мөлшері 3,9 млрд. теңгеге жетті.

– Ал қазіргі кезде шағын және орта бизнестің құрылымдары қандай? Шағын бизнес үшін оңтайлы салалар қайсы?

– Бұл жерде мынаны айтуға болады. Шағын және орта бизнестің басым бөлігі сауда саласында – 36,7 пайыз, ауыл шаруашылығында – 12,8 пайыз, көлік және байланыс саласында – 9,8 пайыз, құрылыста – 5,4 пайыз, өнеркәсіп өндірісінде – 3,6 пайыз. Сондықтан да кәсіпкерлікті дамытудағы қазіргі кезеңдегі басты міндеттердің бірі шағын бизнесті материалдық өндіріс салаларына кеңінен тартуға, жеке кәсіпкерлікті шағын кәсіпорындарға көшіруге бағытталған кешенді шаралар қабылдау болып отыр.

– Шағын бизнестің, әсіресе, алғашқы кезеңдегі даму дәрежесі көп жағдайда қаржылық қолдауға байланысты болады. Сондықтан да жұмыстың маңызды бағыты кәсіпкерлікті қаржылық және инвестициялық қолдау екені белгілі. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында шағын және орта бизнеске 275 миллиард теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсеткенін атап көрсетті. Осы аталған қаржының қаншасы біздің аймақтың үлесіне тиеді?

– Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – аймақты табысты дамытудың жолы. Өткен жылы жергілікті атқарушы  органдардың негізгі іс-қимылы бизнесті қаржылық-несиелік қолдауға бағытталды. Жалпы алғанда, бизнесті дамытуға 85 млрд. теңге бағытталды. Оның ішінде екінші дәрежелі банктер арқылы – 72,9 млрд. теңге, республикалық бюджеттен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға – 4,2 млрд. теңге, облыстық бюджеттен – 4,0 млрд. теңге, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы  желісі бойынша – 4,1 млрд. теңге және шағын несие ұйымдары арқылы 586,8 млн. теңге бөлінді.

Қабылданған бұл шаралар шағын және орта бизнес тұлғаларының тұрақты жұмыс істеуіне қалыпты жағдай жасады.

2009 жылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда қол жеткен нәтижелерді сақтау міндеті қойылды. Бұл үшін облыстық бюджеттен биылғы жылы шағын және орта бизнесті қолдауға 2,0 млрд. теңге  қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоры жүйесі бойынша 2009 жылы мынадай мемлекеттік бағдарламалар бойынша шағын және орта бизнеске қаржылық қолдау көрсетіледі. «Тұрақтандыру» бағдарламасы бойынша – 120 млрд. теңге, оның ішінде Ақтөбе облысының үлесі кемі 3,6 млрд. теңге құрайды. Ал «Даму-Қолдау» бағдарламасы бойынша 12 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде біздің  облыстың үлесі – кемінде 360 млн. теңге.

– Соңғы жылдары шағын несиелендіру сияқты қаржыландырудың баламалы көздері жақсы дамып келеді. Қаржылық қызмет көрсетудің бұл түрі біздің облысымызда қалай өркендеуде?

– Облыста бүгінгі күні 45 шағын несиелендіру мекемесі және республикалық белгілі екі несиелендіру қорының филиалдары жұмыс істейді. Үстіміздегі  жылдың 1 қаңтарына 1601 кіші жобаға 586,8 млн. теңге  көлемінде несие берілді. Оның ішінде жалпы шағын несиелендіру бойынша ауыл тұрғындарына 440,2 млн. теңге тиеді. Шағын кәсіпкерлікті дамытуға екінші дәрежелі банктер 72,9 млрд. теңге бағыттап, 4652 жобаны несиелендірді.

Шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауыл тұрғындарын шағын несиелендіру бойынша жұмыстар алда күшейтілетін болады. Облыстық бюджеттен шағын несие беру ұйымдарына 300 млн. теңге қарастырылуда.

Үстіміздегі жылы «Қазақстан Республикасында 2008-2012 жылдары шағын несие ұйымдарын дамыту» бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік  қоғамы 6 млрд. теңге бөліп отыр. Бұдан біздің облыстың үлесіне 180 млн. теңге шамасында қаржы тиеді деп күтілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.

– Қазіргі алда тұрған міндеттер қандай?

– Осы өзіміз әңгімелеп отырған шағын және орта бизнестің дамуын, қол жеткен көрсеткіштерді сақтап қалу – басты мақсат. Шағын және орта бизнеске қаржылық қолдау көрсетуге 2 млрд. теңге көлемінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қолдау көрсету көзделуде. Облыстың шағын және орта субъектілерінен мемлекеттік сатып алу, ұлттық, жүйе құрушы компаниялардың сатып алуын ұлғайту жөніндегі шараларды жүзеге асыру белгіленді.

Ауыл бизнесіне нақты қолдау көрсету мақсатында бюджеттік және бюджеттік емес қаржы көздерінен кемінде 300 млн. теңге көлемінде қаржы бөлу арқылы шағын несие беру ұйымдарының қызметін жандандыру қажет болып отыр.

Мұнымен бірге селолық несие беру серіктестіктерінің қызметін кеңейтуге байланысты «Аграрлық несиелендіру корпорациясы» акционерлік қоғамының қарыздық қаржысы есебінен 500 млн. теңге тарту үшін шаралар қабылдануда.

Кәсіпкерлікті қолдау және қорғау мәселелерінде қоғамдық ұйымдардың алатын орны ерекше.

– Экономиканы тұрақтандыруға байланысты биылғы жылы облыстың жоспарын жүзеге асыру аясында шағын және орта бизнесті қолдауда облыс әкімдігі тарапынан қандай шаралар қабылданды?

– Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында және кәсіпорындар күрделі қиындықтарды бастан кешіп жатқан кезде, оларды жеңілдетуге біздің еліміздің үлесі сүбелі болуға тиіс.

Экономика мен қаржы секторында 2009-2010 жылдары тұрақтылықты сақтауға байланысты облыстық шаралардың облыс әкімі бекіткен жоспарына сәйкес, негізгі мәселенің бірі қазақстандық (жергілікті) инвестициялық жобаларды ұлғайту болмақ. Сондай-ақ, тауарларды сатып алуда, жұмыс пен қызмет көрсетуде ашықтықтың болуы – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Облыс әкімі кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағымен бірлесе отырып, кәсіпорындар шығаратын өнімдерге қолдау көрсету және кәсіпкерлерге көмектесу мақсатында биылғы жылғы 12-13 ақпанда облыс кәсіпорындары мен ұйымдарының тауарларының, жұмыстары мен қызметтерінің көрмесін ұйымдастырды. Осында 8013 шартқа қол қойылды.

Мұнымен бірге осы бағыттағы жұмыстарды жақсарту үшін және ұлттық, басқа да жүйе құраушы компанияларды хабардар етуді көздеп, жергілікті жеткізушілер шығаратын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің каталогы әзірленді.

Қазіргі кезде жеткізушілер мен тұтынушылардың арасында Меморандумға қол қою және шарттар бекітуге байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінгі күнге 20-дан астам Меморандумға қол қойылды.

Облыс тауар өндірушілерінің Астана және Атырау қалаларында өткізілген форумдарға қатысуы ұйымдастырылды.

Осы және басқа да шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері жергілікті тауар өндірушілерден тауарлар сатып алуға 45 келісім-шарт бекітілді. Облыстың ірі компаниялары берген мәліметтерге сәйкес, биылғы жылы жалпы көлемі 176,2 млрд. теңгенің тауарларын, жұмысын, қызметін көрсетуде сатып алуды жүзеге асыру қарастырылған.

Бір сөзбен айтқанда, облыс әкімдігі қабылдаған шаралар шағын және орта бизнес тұлғаларының шығарған өнімдерін өткізуге, олардың өнім көлемін және жұмыс орындарын толық сақтауға қолайлы жағдай жасап отыр.

Әңгімелескен Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button